Жаңалықтар
Ақорда
Мемлекет басшысы Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элимановты қабылдады
2022 жылғы
Қасым-Жомарт Тоқаевқа агенттіктің биылғы 7 айдағы қызметі жөнінде есеп берілді.
Президентке ұсынылған мәліметтерге сәйкес 857 іс тергеліп, 88 миллиард теңге көлеміндегі залал өтелді. Көлеңкелі экономикаға қарсы күрес аясында 33 ұйымдасқан қылмыстық топ ұсталды. Бюджет қаражатын жымқыру бойынша 132 іс тіркеліп, келтірілген залал 57 миллиард теңгеден асқан. Оның 53 миллиарды қайтарылды.
Үкіметпен бірлесіп қабылданған шаралар арқасында көлеңкелі экономиканың деңгейі соңғы 3 жылда 23 пайыздан 19 пайызға дейін төмендеді.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жеке меншікті қорғау және рейдерлік фактілерге жол бермеу үшін қабылданып отырған шаралар жөнінде баяндалды. Қазіргі уақытта 8 іс тергеліп жатыр. Атап айтқанда Алматыда бизнесті рейдерлік басып алумен айналысқан қылмыстық топ құрықталды. Олар 18 миллиард теңгеден астам залал келтірген.
Сонымен қатар агенттік тарапынан коммуналдық қызмет саласында тарифтерді негізсіз көтеру фактілері анықталып, 20 монополистке қатысты 34 қылмыстық іс қозғалды. Тұтынушыларға тарифті азайту түрінде 11,6 миллиард теңге залал өтелді.
Президентке жанар-жағармай материалдарын заңсыз шығарудың алдын алуға қатысты тапсырмаларының орындалу барысы туралы да ақпарат берілді. Жанат Элимановтың хабарлауынша, бұл салада 36 іс қозғалды. Атап айтқанда Павлодар, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында ірі сомадағы жанар-жағар майды заңсыз шығаруға жол берілген жоқ.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа азық-түлік бағасын қолдан қымбаттатқан жосықсыз тасымалдаушыларға қатысты тергеу басталғаны туралы баяндалды.
Мемлекет басшысына қаржы пирамидаларының қызметін ерте кезеңде анықтау бойынша жүргізіліп отырған жұмыс туралы айтылды. Заңға қайшы келетін контентті қамтитын 3 мыңнан астам сайт бұғатталды. 64 іс қозғалып, 7,8 миллиард теңге көлемінде айыппұл салынды.
Кездесу соңында Президент бизнесті және ел азаматтарының мүддесін қорғауға бағытталған бірқатар тапсырма берді.
Кері қайту Кері қайту
kaynak:https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-karzhylyk-monitoring-agenttiginin-toragasy-zhanat-elimanovty-kabyldady-1574942