Жаңалықтар
Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәуелсіздік күнімен құттықтауы
2022 жылғы 16 желтоқсан
Құрметті отандастар!
1991 жылғы 16 желтоқсан – төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл – егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.
Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау – қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті – бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.
Біз тамыры терең мемлекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылықтарды нығайта береміз. Сол арқылы қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсеміз.
Тәуелсіздік – баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы.
Биыл еліміз үшін бетбұрысты жыл болды. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Елдігімізге іштен де, сырттан да зор қауіп төнді. Дегенмен мызғымас бірлік пен ырыс-ынтымақтың арқасында барлық қиындықты еңсеріп келеміз.
Біз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолға алып, мемлекетімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұл бастамаларды табысты жүзеге асыру – әрқайсымыздың қолымызда.
Егемен елімізді одан әрі дамыту – алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады.
Баршаңызды бүгінгі ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін!
Қазақстанымыз өркендей берсін!
Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын!
Кері қайту Кері қайту
kaynak:https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-tauelsizdik-kunimen-kuttyktauy-15111357